БАСТЫ 

 
 
 
Жемқорлыққа жол жоқ 06.09.2018

 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – бұл үздіксіз процесс.  Сыбайлас жемқорлық дегеніміз – қоғам мен мемлекеттің қылмыстық сипат алуы сияқты қауіпті ұғым. Оның жоғары деңгейдегі қоғамдық қауіптілігі ол мемлекеттіліктің негізін құлдыратып, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіреді. Тіпті бүкіләлемдік жағдай десек артық айтқанымыз емес. Сыбайлас жемқорлық індет, оны жою міндет. Өйткені қоғам үшін қауіпті дерт. Оның кез-келген түрлерімен аяусыз күресіп, түп-тамырымен жойған дұрыс. Әрине, сыбайлас жемқорлық сылып тастайтын сыртқы жара емес, бұл тамырын тереңге жайған,өзге сау мүшелерін шырмап, тыныс-тіршілігін тарылтатын, сөйтіп олардың толыққанды қызмет етуіне қатер төндіретін қауіпті кесел. Оны емдемес бұрын аурудың пайда болу, даму, таралу жолдарын біліп, дерттің қозуына қолайлы жағдай тууына жол бермеу керек. Ол үшін бұл ауруға қоғам болып қарсы тұруымыз кажет. “Тура биде тұрған жоқ, тұрғанда биде иман жоқ” дейді халық. Біз қара қылды қақ жарып, тұрасын айтып, әділдікке жүгінген халықтың бүгінгі ұрпағымыз.

Осы мәселеге орай өткен жыл соңында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы Қазақстан Республикасы стратегиясы туралы Жарлыққа қол қойды. Стратегияның мақсаты - мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тиімділігін арттыру, жемқорлықтың кез-келген көрінісіне “мүлде төзбеушілік” ахуалын қалыптастырып, кеселге қарсы күреске бүкіл қоғамды тарту. Құжат “Қазақстан-2050” Стратегиясының мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын тиімді жүзеге асыру үшін қоғамның қолдауы қажет. Қоғамдық қолдау күшейтілмесе, тек ішінара нәтиже береді. Еліміздегі 2015-2025 жылдарға арналған “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы”  атты стратегиясы жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жаңа бағдарламасы мемлекеттің және тұтас қоғамның күшін жемқорлыққа қарсы жұмылдыруға бағытталған. Аталмыш бағдарламада сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жемқорлықтың салдарымен емес, себептерімен күресудің кешенді шаралары да толықтай қарастылған.

Сонымен қатар, қоғамда жемқорлыққа төзімсіздік мәдениетін және білім мен тәрбиенің барлық деңгейінде жемқорлыққа қарсы дағды моделін қалыптастыру да қамтылған. Атап айтсам, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ауданаралық бөлімінің қызметкерлері осы бағдарламаның негізгі тезистерін басшылыққа ала отырып, Елбасының “Нұрлы жол – болашаққа бастар жол” Жолдауы мен Мемлекет басшысының Жарлығымен шыққан “Қазақстан Республикасының 2015 – 2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясына” сай, қоғаммен өзара әрекеттесу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тақырыбы бойынша арнайы дөңгелек үстелдер ұйымдастырып, түсіндіру жұмыстарын күнделікті жүргізіп отырады. Атқарылған іс-шаралар үнемі бақылауда болады.

Еліміздің, қоғамымыздың және жекелеген азаматтардың мүдделеріне көп зиян келтіреді. Ол экономикалық заңдардың еркін әрекетін біршама деңгейде шектейді және еліміздің әлемдік қоғамдастық алдындағы беделін төмендетеді, еліміз үшін пайдалы шетелдік инвестициялардың жолындағы басты кедергілердің бірі болып табылады. Әсіресе, сыбайлас жемқорлық мемлекеттік билік органдарында қауіпті. Бұл жағдайда ол мемлекеттік қызметшілердің шешім қабылдауда беделін түсіретін өкілеттігінің және қатаң құқықтық есеп берудің, шенеуніктерді қадағалаудың жоқтығынан биліктің монополияға айналуына әкеліп соқтырады.

Азаматтарымыздың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет, берік иммунитет қалыптаспай, жұрттың оған деген ынтасы болмай тұрып, оң нәтижелерге қол жеткізу мүмкін емес. Жалпы жемқорлыққа қарсы күрес – бұл бүкіл қоғамның және баршамызға ортақ іс.  Еліміздің еңсесі биік, келешегі жарқын болуы үшін еліміздің әрбір азаматы құқық қорғау органдары қызметкерлерімен қатар, үкіметтік емес ұйымдар,  бұқаралық ақпарат құралдары халыққа қоғамымыздың дамуына кедергі келтіретін осы бір ауыр қылмыспен күресу жолдарын түсіндіру жұмыстарын ұдайы жүргізе беруі керек.

 

Іле ауданының статистика басқармасы